Құдай біздің мінажаттарымызға жауап береді ме?

Мінажат. Мінажат қалай әрекет етеді? Құдайдың не жауап беретінін біліңіз…

Авторы: Мэрилин Адамсон

Сіз Құдайға шынымен сенім артатын адамды білесіз бе? Мен атеист кезімде, менде жиі мінажат ететін жақсы бір құрбым бар болатын. Апта сайын ол маған өзінің қандай-да бір мұқтаждықтарын Құдайдың қамтамасыз етуіне сеніммен тапсырғаны жайлы айтатын. Ал мен әр аптада Құдайдың оның мінажаттарына жауап беру үшін бір ерекше нәрселер істейтінін көретінмін. Атеист үшін апта сайын осындай нәрсені көру қаншалықты қиын екенін білесіз бе? Арада біраз уақыт өткеннен кейін, менің бұл жай ғана «сәйкестік» деп теріске шығаратын дәлелім әлсірей бастады.

Сонымен, неліктен Құдай менің құрбымның мінажаттарына жауап береді? Оған ең басты себеп – оның Құдаймен қарым-қатынаста болғанында еді. Ол Құдайдың соңынан ергісі келді. Және ол Құдайдың өзіне не айтатынына да құлақ түретін. Оның көзқарасы бойынша, Құдайдың оны өмірде жүретін жолын көрсетіп жетелеп жүруге құқы болды, ал ол Құдайдың сол істеуін қуана қабылдайтын! Ол қандай-да бір мұқтаждықтарға мінажат еткенде, бұл оның Құдаймен кәдімгі қарым-қатынасы аясында жүзеге асатын. Ол өзінің кез-келген мұқтаждықтарымен, өзінің уайымдарымен және өмірінде қазір болып жатқан мәселелерімен Құдайдың алдына емін-еркін келетін. Оның үстіне, Құдайдың осылай сенім артуды қалайтыны жайлы Киелі кітаптан оқығанына сенетін.

Киелі кітаптың мына аятта мәлімделгені құрбымның өмірінде өте жиі көрінетін: «Біз Оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады деп нық сенеміз».1 «Себебі Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, Өзіне жалынған оларға құлақ салады...».2

Солай болса, неліктен Құдай әркімнің мінажаттарына жауап бермейді?

Оған бір себеп әлгі адамдардың Құдаймен қарым-қатынасының жоқтығында. Олар Құдайдың бар екенін білуі мүмкін, тіпті олар анда-санда Құдайға сиынуы да мүмкін. Дегенмен, ешқашан мінажаттарына жауап алмайтын адамдарда сірә Құдаймен қарым-қатынасы жоқ болса керек. Оған қоса олар ешқашан күнәлары үшін Құдайдан толық кешірім алмаған адамдар. Сіз бұның оған қандай қатысы бар деп сұрауыңыз мүмкін? Міне оның айқын түсіндірмесі: «Біліп алыңдар: Жаратқан Иенің қолы сендерді құтқаруға дәрменсіз емес, Оның құлағы мінажаттарыңды естуге мүкіс те емес. Қайта, өздеріңнің әділетсіз істерің Құдаймен араларыңды ажыратып келеді! Жасаған күнәларың Оның бетін сендерден бұрып әкетеді. Сондықтан да Құдай Ие мінажаттарыңа құлақ салмайды».3

Адамдардың Құдайдан солай ажырап қалуды сезінуі кәдуілгі қалыпты нәрсе. Адамдар Құдайдан бір нәрсе сұрағанда әдетте олар не айтады? Олар мінажаттарын мынадай сөздермен бастайды: «Құдай, осы мәселеде маған Сенің көмегің қатты керек болып тұр...». Сосын кішкене іркіліс болады да, ары қарай мінажат былай жалғасады: «Мен өзімнің пәк адам емес екенімді білемін, Сенен осыны сұрауға еш құқым жоқ екенін де білемін...». Адамдар өздерінің жеке күнәсы мен сәтсіздігі туралы хабардар. Және тек өздері ғана емес, одан Құдайдың да хабардар екенін түсінеді. Адамдарды іштей «Мен кімді алдап жатырмын?» деген сезім кернейді. Олардың білмейтіні - барлық күнәларына Құдайдан қалай кешірім алу керектігі. Олар өздерінің Құдаймен қарым-қатынаста бола алатын, сонда ғана Құдайдың оларды еститінін білмеуі мүмкін. Бұл Құдайдың сіздің мінажатыңызға жауап беруінің негізі болып табылады.

Мінажа қалай әрекет етеді?

Сіз бірінші кезекте Құдаймен қарым-қатынаста болудан бастауыңыз қажет. Неге екеніне мынадай мысал келтірейін.

Мына жайтты көз алдыңызға елестетіп көріңіз, Майк есімді жігіт Принстон университетінің ректорынан автонесие алу үшін кепілгер ретінде құжаттарға қол қоюды сұрайды. Егер Майк Принстон университетінің ректорын жеке танымайтын болса, онда оған бұл несие бұйырмайды. Ал егер сол ректордың қызы әкесінен автонесие алу үшін кепілгер болып құжаттарға қол қоюды сұраса, ешқандай мәселе болмас еді. Қарым-қатынастың маңызы зор!

Құдаймен де дәл солай, егер адам Құдайдың рхани баласы болса, онда Құдай өз балаларын таниды, олардың мінажаттарын да естиді. Иса былай деген: «Мен «ізгі Бағушымын». ...Мен қарамағымдағыларды жақсы білемін, олар да Мені жақсы біледі. Өз «қойларым» даусымды естіп, бағынады. Мен оларды жақсы білемін, олар Маған еріп жүреді. Соларға мәңгілік өмір беремін. Олар ешқашан жойылмайды, ешкім оларды Менің қолымнан тартып та алмайды».4

Құдайға келер болсақ, сіз шынымен Оны танисыз ба, ал Ол сізді таниды ма? Сізде мінажаттарыңызға жауап беруге кепілгер болатындай Құдаймен қарым-қатынас бар ма? Әлде Құдай сіздің өміріңізде жай бір ұғымға айналып, сізден тым алшақта ма? Егер Құдай алыста болса, не өзіңіздің Оны танитыныңызға сенімді болмасаңыз, онда дәл қазір Құдаймен қарым-қатынасыңызды қалай бастауға болатынын мына жерден біле аласыз: Құдайды жеке тану.

Құдай сіздің мінажатыңызға еш шүбәсіз жауап береді ме?

Өзін танитындарға, Оған сенім артатындарға Иса өте жомарт ұсыныс жасайды: «Ал егер сендер Менімен тығыз байланыста тұрсаңдар, әрі Менің сөздерім өздеріңмен бірге болса, қалағандарыңның бәрін көктегі Әкемнен сұраңдар, сонда аласыңдар».5 Исамен «тығыз байланыста тұру» және Оның сөздерінің сенушілермен бірге болуы олардың Құдайдың еркіне сай, Оған сенім артып, Оның не айтатынын тыңдап өмір сүру дегенді білдіреді. Сонда олар қалаған кез келген нәрселерін сұрауға қабілетті болады. Міне, осыған тағы бір анықтауыш: «Біз Оның еркіне сай бір нәрсе сұрасақ, Құдай тілегімізге құлақ салады деп нық сенеміз. Не сұрасақ та, Құдай бізге құлақ салады деп білсек, Оның тілегенімізді беретінін де білеміз».6 Құдай біздің мінажаттарымызға Өз еркіне (Өз даналығына, Оның бізге деген сүйіспеншілігіне, Оның киелілігіне, т.б.) сай жауап береді.

Біз кейбір нәрселерге деген түсінігімізге негізделіп, Құдайдың еркін білеміз деп сүрініп жатамыз. Біз қандай-да бір мінажатқа тек бір ғана дұрыс «жауап» бар деп ұйғарып, сөзсіз Құдайдың еркі СОЛ деп шамалаймыз. Міне осы жерде мәселе ушықтана түседі. Біз уақыт пен білімнің шектеулерімен өмір сүреміз. Бізде қандай-да бір жағдайға байланысты тек шектеулі ғана ақпарат бар, ал сол жағдайдың келешекте қандай әрекетке әкеп соғатынынан беймәлімбіз. Ал Құдайдың түсінігі шексіз. Қандай-да бір оқиғаның өмір барысында не тарих ағысында қалай өрбитіні тек Құдайға ғана мәлім. Және Құдайда біз ойлағаннан да әлдеқайда зор мақсаттар бар. Сондықтан да, Құдайдың еркі осы болса керек деп біз анықтай алсын деп, Ол қарапайым нәрсе істей салмайды.

Құдай не істеуді ниеттеп отыр?

Құдайдың бізге деген игі ниеттерін жазуға кітап беттері жетпес. Бүкіл Киелі кітап Құдайдың бізге ұсынатын қарым-қатынастың және бізге бергісі келетін өмірдің қандай екенінің айқын сипаттамасы. Міне, оған бірнеше мысал: «Сондықтан Жаратқан Ие сендердің Өзіне қайтып келіп, рақымына ие болуларыңды сағына күтуде. Ол орнынан тұрып, сендерге мейірбандық көрсетуге дайын. Өйткені Жаратқан Ие — әділ Құдай. Оған сенім артып Оны күтетіндер қандай бақытты!».7 Құдайдың не дегенін байқадыңыз ба? Біреудің отырған орындығынан тұрып, сізге көмекке келгені сияқты «Ол орнынан тұрып, сендерге мейірбандық көрсетуге дайын». «Күмән жоқ, Құдайдың жолы мінсіз. ...Құдайға сенім артқан бар жандарға. Ол — қалқандай қорған әрі берік баспана».8 «Қайта, риза болады Жаратқан Ие Өзін қастерлеп, рақымына үміт еткенге».9

Алайда, Құдайдың сізге деген ең зор сүйіспеншілігі мен сенімділігі мына аяттан көрінеді: Иса былай деді: «Адамның достарына көрсететін ең зор сүйіспеншілігі — олар үшін өмірін құрбан етуі».10 Иса осыны біз үшін істеді. Сондай-ақ, «Бұл жайында не дейміз? Құдай жақтаса, бізге кім қарсы шыға алады?! Ол Өзінің жалғыз рухани Ұлын аямай, Оны біз үшін өлімге қиды. Ендеше Онымен бірге бізге қажеттінің бәрін қалайша сыйламайды?».11

«Жауапсыз» қалған мінажаттар жайлы не айтуға болады?

Адамдар дертке шалдығып, тіпті көз де жұмады; ал ақшаға тарығу адамды расында қажытып жібереді, оған өте қиын жағдайлардың неше түрі келіп қосылады... Сосын не?

Құдай бізге уайым-қайғыларымызды Оған беруді айтады. Тіпті жағдай ушығып кетсе де «Барлық уайымдарыңды Құдайға сеніп тапсырыңдар, себебі Ол қамдарыңды ойлайды!».12 Жағдайлар біздің бақылауымыздан шығып кеткен сияқты көрінуі мүмкін, дегенмен олай емес. Бүкіл әлем астан-кестені шығып қирап жатқан сияқты көрінгенде, Құдай бізді құлдыраудан сақтайды. Осындай жағдайда адамдар өздерінің Құдаймен қарым-қатынаста екені үшін ризашылық білдіреді. «Иеміз қастарыңда ғой. Еш нәрсені уайымдамай, барлық жағдайда өтініштеріңді Құдайға сиынып тілекпен және шүкірлікпен білдіріңдер! Сонда Құдайдың адам ақылынан асқан керемет тыныштығы сендердің жүректерің мен ой-саналарыңды Мәсіх Исада сақтайды».13 Құдай сіз ойлағаннан да зор ЖОЛДАРМЕН мәселенің шешімдерін қамтамасыз етеді. Кез келген мәсіхші өз өмірінен осыған мысалдардың ұзын тізімін келтіре алады. Ал жағдайлар әлі де жақсара қоймағанда, бәрібір Құдай бізге жанымызды тыныштыққа бөлей алады. Иса былай деген: «Мен сендерге амандық пен тыныштық сыйлаймын, Өзімнің тыныштығымды беремін. Менің беретінім осы дүниенің беретін өткінші тыныштығы сияқты емес, сондықтан көңілдерің қобалжып, қорықпаңдар».14

Дәл осындай кезде (жағдайлар уықшып тұрғанда) Құдай біздің Оған сенім артқанымызды қалайды – «біз көргенімізбен емес, сенімімізбен өмір сүруіміз» керек деп айтады Киелі кітап. Бірақ ол соқыр сенім емес. Ол Құдайдың мінезі-қасиеттеріне негізделген сенім. «Голден Гейт» аспалы көпірінің үстімен өтіп бара жатқан көлік толықтай көпірдің беріктігіне тәуелді. Жүргізушінің ол жайында не ойлайтыны, немесе қасындағы жолаушымен талқыға салғаны маңызды емес. Көлікті аман-есен арғы бетке жеткізетін – көпірдің беріктігі, ал жүргізуші соған сеніп артуға ерік білдіреді.

Дәл сол сияқты, Құдай да біздің өз тарапымыздан Оның адалдығына, мінезі мен қасиетіне ... жанашырлығына, сүйіспеншілігіне, даналығына және әділдігіне сенуімізді сұрайды. Ол былай дейді: «Ежелде Жаратқан Ие бізге аян беріп былай деген еді: «Саған деген сүйіспеншілігім мәңгілік, берік мейіріміммен сені Өзіме баурап келемін».15 «Халайық, лайым Оған сенім артыңдар. Ойларыңды Оған толық ашыңдар. Құдай — біздің панамыз, мұны ұмытпаңдар!»16

Қорыта келгенде...

Құдай Өз рухани балаларының (яғни, Исаға тәубеге келіп, Оны өмірлеріне қабылдап, Оның жолымен жүретіндер) мінажаттарына жауап беруді ұсынды. Ол бізден кез келген уайымдарымызды мінажат арқылы Оған әкелгенімізді сұрайды, ал ары қарай Ол ізгі еркіне сай әркет етеді. Қиыншылықтарға тап болғанда, бізге уайымдарымызды Оған сеніп тапсырып, Оның кез келген жағдайлардан жоғары тұратын жан тыныштығын қабылдау қажет. Біздің үмітіміз бен сеніміміздің негізі – Құдайдың мінезі мен қасиеттері. Біз Оны неғұрлым жақсы танып-білсек, соғұрлым Оған көбірек сенім артамыз.

Құдайдың мінезі мен қасиеттері жайлы көбірек білгіңіз келсе, осы сайттағы "Құдай кім?" немесе басқа да мақалаларды қарап шығыңыз. Біздің мінажат етуіміздің себебі Құдайдың мінезі мен қасиеттеріне негізделген. Құдайдың жауап беретін бірінші мінажаты – сіздің Онымен қарым-қатынасты бастау жайлы ететін мінажат болмақ!

 Құдаймен қарым-қатынасты қалай бастау қажет?
 Менің сұрағым бар…

Сілтемелер: (1) Жоханның 1-хаты 5:14 (2) Петірдің 1-хаты 3:12 (3) Ишая 59:1,2 (4) Жохан жазған Ізгі хабар 10:14,27-28 (5) Жохан жазған Ізгі хабар 15:7 (6) Жоханның 1-хаты 5:14,15 (7) Isaiah 30:18 (8) Забур 17:31 (9) Забур 146:11 (10) Жохан жазған Ізгі хабар 15:13 (11) Римдіктерге хат 8:32 (12) Петірдің 1-хаты 5:7 (13) Філіпіліктерге хат 4:5-7 (14) Жохан жазған Ізгі хабар 14:27 (15) Еремия 31:3 (16) Забур 61:9

Басқалармен бөлісу:  

TOP