Құдайды жеке тану

Құдайды табу - Оны тану үшін не қажет? Бұл мақала сізге дәл қазір Құдаймен жеке қарым-қатынасты қалай бастауға болатынын түсіндіреді.

Құдаймен қарым-қатынасты бастау үшін не қажет? Көктен төбеңізге найзағайдың түскенін күту қажет пе? Өзіңізді риясыз діни игі істер жасауға арнау ма? Әлде, Құдай сізді қабылдайтындай жақсы адам болуға ұмтылу қажет пе? Бұлардың ЕШҚАЙСЫСЫ да емес. Киелі кітапта Құдай біздің Оны қалай тануға болатыны жайлы анық айтқан. Осы мақала сізге Құдаймен жеке қарым-қатынасты дәл қазір қалай бастауға болатынын түсіндіреді…



Бірінші қағида: Құдай сізді сүйеді және сіздің өміріңізге арналған керемет жоспарды ұсынады.

Құдай сізді жаратты. Тек сол ғана емес, Ол сізді өте қатты сүйетіні сонша, сіздің Оны танып-білгеніңізді және мәңгілікті Онымен өткізгеніңізді қалайды. Иса былай деген: «Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады».1

Иса біздің әрқайсымыздың Құдайды жеке танып-біліп, түсінуіміз үшін жер бетіне келді. Тек Иса ғана өмірге мән-мағына мен мақсат бере алады.

Құдайды бiлуiмiзге кедергi болып тұрған не? …



Екінші қағида: Барлығымыз күнә жасап, күнәмыз бізді Құдайдан ажыратты.

Күнәмыздың бізді Құдайдан ажыратып, алшақтатып жібергенін сеземіз. Осы жайында Киелі кітап бізге былай дейді: «Барлығымыз адасқан қойлардай тентіреп, өз бетімізбен жүрдік».2

Жүрегіміздің терең түкпірінде, біз Құдайға және Оның жолдарына қатысты көзқарасымызда белсенділікпен қарсылық танытушы немесе енжар немқұрайлықпен қараушы болуымыз мүмкін, бірақ бұл Киелі кітап атайтындай күнәның айғағы болып табылады.

Біздің өміріміздегі күнәнің нәтижесі - өлім, яғни Құдайдан рухани ажырап қалу.3 Біз өз күшімізбен қаншама Құдайға жақындауға тырысқанымызбен, ол әрекетіміз сөзсіз сәтсіздікпен тынады.

Құдай мен біздің арамызды бөліп тұрған аралық, шыңырау бар. Мына суреттегі жебелер біздің Құдайға жетуге деген күш-жігерімізді көрсетеді... адамдарға қайырымдылық көрсету, діни рәсімдерді ұстану, жақсы адам болуға тырысу, т.с.с. Бірақ, осы жақсы ынталарымыздың ешқайсысы да шын мәнісінде біздің күнәмызды жаба алмайды не алып тастай алмайды.

Біздің күнәмыз Құдайға мәлім және сол күнә бізді Құдайдан бөліп тұрған кедергі. Киелі кітапта күнәның жазасы – өлім деп жазылған. Біз мәңгілік Құдайдан ажырап қаламыз.

Бұл мәселенің бірден-бір шешімі – Құдайдың біз үшін жасаған ісі болып табылады.

Сонымен, біз Құдаймен қарым-қатынасты қалай иемдене аламыз? …




Үшінші қағида: Иса Мәсіх біздің орнымызға күнәмыздың жазасының құнын төледі. Ол қазір бізге толықтай кешірім мен Өзімен жақын қарым-қатынаста болуды ұсынып отыр.

Иса Мәсіх біздің барлығымыздың күнәларымызды – бұрын істеген және келешекте істейтін барлық күнәларымызды – алып, айқышта өз жанын құрбан ету арқылы азапталып, құн төледі. Иса біздің орнымызға, біз үшін жанын қиды. Ол соны Өзінің бізге деген зор сүйіспеншілігінің арқасында істеді.

«Ол бізді құтқарды. Ол бізді жасаған әділ істерімізге бола емес, Өзінің мейіріміне бола күнәдан жуып тазартып…».4 Исаның айқыштағы құрбандық өлімінің арқасында енді бұдан былай күнәмыз бізді Құдайдан ажыратпайтын болады.

«Өйткені Құдай адамзатты сондай қатты сүйгендіктен, Өзінің жалғыз рухани Ұлын құрбандыққа берді. Енді Оған сенуші әркім жаны тозаққа түспей, мәңгілік өмірге ие болады».5

Иса «көзге көрінбейтін Құдайдың қандай екенін көрсетеді… бәрін Құдай Өзінің рухани Ұлы арқылы жаратты».6

Иса біздің күнәмыз үшін құрбан болып қана қойған жоқ, Ол өлімнен қайта тірілді.7 Солай істеуі арқылы, Иса еш шүбәсыз мәңгілік өмірді уәде етуге толық құқықты екенін, Өзінің Құдайдың рухани Ұлы және де Құдайды танудың жалғыз ғана жолы екенін дәлелдеді. Сол себепті де Иса былай деген: «Жол, шындық және шынайы өмір Менмін. Мен арқылы болмаса, ешкім де Әкеге бара алмайды».8

Қатты күш-жігер салып Құдайға өз бетіңмен жетуге тырысқанша, Оның бізге Өзімен дәл қазір қалай қарым-қатынас жасауды бастауға болатынын айтып жатқанына құлақ түрейік. Иса былай дейді: «Кімнің жаны шөлдесе, сол Маған келіп, «ішсін»! Кім Маған сенсе, ... оның жүрегінен өмір беретін «су» тасқындап ағады».9 Исаның бізге деген сүйіспеншілігі Оның айқышта азап шегуіне себепші болды. Біз Құдаймен жеке қарым-қатынасты бастай алуымыз үшін, Иса қазір бізді Өзіне кел деп шақыруда.

Жай ғана Исаның біз үшін не істегенін және Оның бізге нені ұсынып отырғанын білу жеткіліксіз. Құдаймен қарым-қатынаста болу үшін, бізге Оны өмірімізге шақыру қажет…



Төртінші қағида: Біз Исаны Құтқарушым және Тәңірім деп жеке қабылдауымыз қажет.

Киелі кітап былай дейді: «Бірақ Оны қабылдап, Оған сенім артқандардың бәрін Ол Құдайдың рухани балалары болуға құқықты етті».10

Біз Исаны сеніммен қабылдаймыз. Бұл жайында Киелі кітап былай дейді: «Себебі Құдайдың рақымымен, Мәсіхке деген сенімдерің арқылы құтқарылдыңдар. Бұл — өздеріңнің жетістіктерің емес, Құдайдан келген сый. Сондықтан игі істерімнің арқасында құтқарылдым деп ешкім мақтанбасын».11

Исаны қабылдау дегеннің мағынасы Оның, Өзі айтқандай, Құдайдың рухани Ұлы екеніне сеніп, бізді басқарып, жетелеп жүруі үшін өмірімізге шақыру.12 Иса былай деген: «Мен адамдар шынайы өмірге ие болсын және өмірі рухани игілікке толы ағыл-тегіл мол болсын деп келдім».13

Ал мынау Исаның шақыруы: «Міне, Мен есік алдына келіп, қағып тұрмын. Кімде-кім даусымды естіп, есік ашса, Мен оның жан дүниесіне еніп, онымен бірге «дастарқандас» боламын».14

Құдайдың шақыруына қалай жауап бересіз?

Мына екі шеңберді қарастырайық:


Өмірді «Мен»
басқарады

«Мен» тақта отыр

Иса өмірдің сыртында

Шешімдер мен әрекеттер тек қана «Мен» арқылы жасалып, көбіне көңіл қалумен аяқталады



Өмірді Иса
басқарады

Иса өмірдің ішінде әрі тақтан орын алған

«Мен» Исаға мойынсұнады

Адам Исаның ықпалын және оларды өмірде жетелеуін көреді


Осы екі шеңбердің қайсысы сіздің өміріңізді сипаттайды?

Осы екі шеңбердің қайсысын қалайсыз?

Исамен қарым-қатынасты бастаңыз…



Сіз Исаны дәл қазір қабылдай аласыз. Исаның не айтқаны есіңізде ме «Міне, Мен есік алдына келіп, қағып тұрмын. Кімде-кім даусымды естіп, есік ашса, Мен оның жан дүниесіне еніп, онымен бірге «дастарқандас» боламын».15 Сіз Исаның шақыруына жауап бергіңіз келеді ме? Оны былай істей аласыз…

Құдайға өзіңізді бағыштауда нақты бір сөздерді қолдану маңызды. Ол сіздің жүрегіңіздің ниеттерін біледі. Егер сіз қалай мінажат ету керектігін білмесеңіз, мына үлгі сізге жақсы көмек болады:

«Иса, мен Сені танып-білгім келеді. Мен Сенің өміріме келгеніңді қалаймын. Айқышта менің күнәм үшін жаныңды құрбан еткеніңе рақмет! Тек Сен ғана менің Өзің қалаған адамға өзгеруіме күш бере аласың. Мені кешіріп, маған Құдаймен мәңгілік өмірді сыйлағаныңа рақмет! Мен өмірімді Саған бағыштаймын. Өмірімді Өзің қалауыңа сай қолдан. Аумин».

Егер сіз жаңа ғана шын жүректен Исаны өміріңізге шақырған болсаңыз, онда Ол Өзі уәде еткендей сіздің өміріңізге келді. Сіз Құдаймен жеке қарым-қатынасты бастадыңыз.

 Мен жай ғана Исаны өз өміріме шақырдым (кейбір пайдалы ақпараттар легі)…
 Менің сұрағым бар…

Сілтемелер: (1) Жохан жазған Ізгі хабар 3:16 (2) Ишая 53:6 (3) Римдіктерге хат 6:23 (4) Титке хат 3:5 (5) Жохан жазған Ізгі хабар 3:16 (6) Қолостықтарға хат 1:15,16 (7) Қорынттықтарға 1-хат 15:3-6 (8) Жохан жазған Ізгі хабар 14:6 (9) Жохан жазған Ізгі хабар 7:37,38 (10) Жохан жазған Ізгі хабар 1:12 (11) Ефестіктерге хат 2:8,9 (12) Жохан жазған Ізгі хабар 3:1-8 (13) Жохан жазған Ізгі хабар 10:10 (14) Аян 3:20 (15) Аян 3:20

Басқалармен бөлісу:  

TOP